8 маусымда Ақтауда аймақтық «Jas tolqyn» өнерлік конкурсның баспасөз конференциясы өтті

8 маусымда Ақтауда аймақтық «Jas tolqyn» өнерлік конкурсның ІІ кезеңі қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

«Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ өзінің қайырымдылық қызметі аясында «Jas tolqyn» жас таланттар байқауын осымен 4-рет өткізіп отыр.   Жоба Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын дарынды балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Конкурстың мақсаты – ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтау және жаңғырту.

Биыл байқауға қатысушыларды тыңдау және Гала-концерт өткізу орны Ақтау қаласы болды. 

– Жыл сайын батыс өңірінің ауылдық жерлері мен аудан орталықтарында тұратын жас таланттар үшін «Jas tolqyn» конкурсы өз есігін ашады,- деді Бас директордың ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.– Бұл біздің мәдениет саласындағы ең ауқымды қайырымдылық жобаларымыздың бірі.  Конкурсымыздың танымалдығы артып, қатысушылар саны мен дайындық деңгейлері көтеріліп келе жатқаны қатты қуантады.

Байқауға жеке орындаушылар мен ұжымдық топтардан барлығы 500-ге жуық өтінім келіп түсті. Қатысушылардың жалпы саны – 1298 бала мен жасөспірім. Конкурсқа қатысушылар екі күн бойы «Хореография», «Вокал», «Аспаптық жанр», «Дәстүрлі ән», «Көркем сөз» номинациялары бойынша сынға түсті. 

Дәстүр бойынша, конкурстық қойылымдарынан кейін қатысушыларға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халық әртістері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессорлары мен оқытушылары шеберлік сағаттарын өткізді. Шеберлік сағаттарында жас таланттарымыз әртістік шеберлік пен сахнада өнер көрсетуге қатысты ақыл-кеңестер алды. 

– Біздің қатысушылар үшін «Jas tolqyn» – бұл ұзақ та мұқият дайындалатын үлкен оқиға, өнерпаздар сахналық образдар ойлап тауып, киім тіккізеді, көп еңбектенеді,- дейді «Jas tolqyn» байқауының әділ қазылар алқысының төрағасы Нұрлан Измайлов. – Олардың барлығында талант бар, тек барлығында бірдей оны дамытатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз олар үшін КҚК жасап жатқан қолдауды аса жоғары бағалаймыз. Балалар шеберлік сабақтарында аса ыждаһаттықпен және құштарлықпен дәріс алды. Әр қайсысы ұмытылмастай тәжірибе жинады деп ойлаймын, олар мұны ұзақ уақыт естерінде сақтап, әрі қарай білім алу жолында пайдаланатын болады.  Бүгін концертте барлығы да ең жоғарғы нәтижелер көрсететініне сенімдімін.

«Аспаптық жанр» номинациясы бойынша Ақтау қаласынан келген «Жас толқын» домбырашылар ансамблі жеңімпаз атанды. Жеке орындауда Гран-при Ақтөбе қаласынан Милан Мырзағалиеваға және Атырау қаласынан Таисия Войтоваға бұйырды.

 Гран-при «Хореография» номинациясы бойынша Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауылының «Жұлдыз» би ансамбліне берілді.  «Көркем сөз» номинациясындағы бас жүлде – Атырау облысы Құрманғазы ауданынан Мейіржан Бейбітұлыға берілді.

«Дәстүрлі ән» номинациясындағы бас жүлде – Жанерке Оңғарбекова, Батыс Қазақстан облысынан, Сырым ауданынан. Ансамбльдер арасында осы номинация бойынша Гран-при Атырау облысының «Ақсұңқар» ансамбліне бұйырды.

«Вокал» номинациясы бойынша Ақтау қаласынан Амина Асгатова және Ақтөбе қаласынан Аяна Байзулла жеңімпаз атанды.

Енді «Jas tolqyn» байқауының финалисттерін тағы бір қорытынды кезеңге – Ресейде 20 жылдан астам уақыттан бері өткізілетін Мәскеу қаласындағы «КҚК-дарынды балаларға» атты халықаралық фестиваліне қатысуға дайындық күтіп тұр.

Естеріңізге сала кетсек, «Jas tolqyn» қайырымдылық жобасы Қазақстанда 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқау үш кезеңнен тұрады – сырттай қашықтан байқау онлайн түрде jas-tolqyn.kz сайтында өтеді. Аймақтық көзбе-көз кезең Атырау қаласында өтеді. Оған I-кезеңнің жеңімпаздары қатысады. Ал үшінші кезең – Мәскеу қаласында өтетін «біріктіруші мәдени форум». Оған әр номинация бойынша Гран-при иегерлері қатысады.

8 маусымда сағат 15.00-де Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің сахнасында «Jas tolqyn» жас таланттар байқауының қорытынды Гала-концерті өтеді.  

Анықтама:

КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында энергетика саласындағы шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 километрді құрайды. Бұл бағытпен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан шыққан шикізат тасымалданады. КҚК теңіз терминалы үш шығарылатын айлақ құрылғысымен (ШАҚ) жабдықталған, олар танкерлерді жағадан айтарлықтай алшақта қолайсыз метео жағдайда да қауіпсіз тиеуге мүмкіндік береді.

КҚК акционерлері: Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі федералдық агенттік атынан «Транснефть» ЖАҚ (сенімгерлікпен басқару) – 24%, «КТК Компани» – 7 %, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top