Каспий Құбыр Консорциумы-Қ


БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Қазақстанның мұнай компаниялары «Jas-tolqyn» жас таланттар байқауын ұйымдастыруда

«Jas-tolqyn» -Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын жас дарынды балалар арасында ұйымдастырылған қайырымдылық жобасы. Байқау шарттары мен міндеттері туралы жобаны жүзеге асырушылар мен демеушілері 2 қыркүйек күні Атырау қаласында өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

«Jas-tolqyn» байқауы 2019 жылдың маусым айында басталды. Оны қаржыландыру «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ және «Теңізшевройл» ЖШС қайырымдылық қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Байқау Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырғанына қарамастан, өзінің қалыптасқан көпжылдық тарихы бар. «КҚК- дарынды балаларға!» – осындай атаумен бұл байқау жыл сайын Ресей аумағында өтеді. Биыл байқау халықаралық ауқымға ие болды, енді оған қазақстандық өнерпаздар да қатысуға мүмкіндік алды.

«Каспий Құбыр Консорциумы Ресей Федерациясының аумағында 20 жылдан астам уақыт бойы аталмыш байқауды өткізіп келеді. Осы жылы байқау өзінің аумақтық шекарасын кеңейтті және біздің балаларда оған қатысуға және өз қабілеттерін сынап көруге мүмкіндік туды. Біз жастарды қолдауға, таланттарды анықтауға және олардың одан әрі дамуы мен кәсіби өсуіне көмектесуге мүдделіміз»,- деп атап өтті КҚК бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

«ТШО жергілікті қоғамдастықтың бір бөлігі болып келді және солай болып қала береді. Ал Атырау облысының әлеуметтік міндеттерін шешуде қолдау көрсету – біздің басымдықтарымыздың бірі. 1993 жылдан бастап ТШО өңірдегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 1,8 млрд АҚШ долларын жұмсады»,-деді ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері.

Байқау – дарынды балаларды анықтап, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру, қолдау көрсету, кәсіби оқытушылармен, сахна шеберлерімен және әлемдік деңгейдегі актерлермен шеберлік сыныптар барысында олардың шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – «Сырттай-қашықтықтан», яғни қатысушылар онлайн-сауалнамалар жіберді. Оларды қабылдау осы жылдың 31 тамызында аяқталды. Нәтижесінде, шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардан 114 өтініш түсті. Барлығы 500-ден астам жасөспірімдер өтінім берді, олардың арасында батыс өңірінің шалғай ауылдық аудандарынан да балалар бар. Қазіргі уақытта қазылар алқасы байқаудың «Көзбе-көз түрдеөтетін»екінші кезеңіне іріктеу жұмыстарын жүргізуде. Екінші кезең -1-5 қазан аралығында Атырау қаласында өтеді. Ал екінші кезеңнің жеңімпаздары – Гран-при иегерлері 2019 ж.26-30 қазан аралығында Мәскеу қаласында өтетін мәдени форумға жолдама алады.

Байқау шарттарына сәйкес жобаға 9-18 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Кіші топта – 9 жастан 14 жасқа дейінгі балалар, үлкен топта – 15 жастан 18 жасқа дейінгі балалар. Қатысушылар үш номинация бойынша өнер көрсетеді: «Хореография» (халықтық және эстрадалық би), «Вокал» (ансамбльдер, соло, дуэт, квартет) және «Аспаптық жанр» (оркестр, ансамбльдер, соло).

Бағдарлама әкімшісі «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры болып табылады. Ауқымды жоба – «Jas-tolqyn» қайырымдылық байқауы Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің 120 жылдығы қарсаңында, сондай-ақ Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған Жастар жылы аясында өткізілуде.

Байқау ұйымдастырушылары жобаның дарынды балаларды анықтап, олардың шығармашылығын қолдауға, сондай-ақ балалар арасында хореография, вокал, аспаптық музыка өнерін көпшілікке таратуға мүмкіндік беретініне және жалпы алғанда, балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған Қазақстандағы жыл сайынғы игі дәстүрлі шараға айналатынына сенімді.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top