«JAS-TOLQYN» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Атырауда алғаш рет жас таланттыларға арналған «Jas-tolqyn» байқауы өтуде. Жас дарындыларға бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары мен оқытушылары шеберлік сыныптарын өткізді.

Байқауға батыс аймақтарындағы 4 облыс қатысып жатыр. Аталмыш жоба «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ мен «ТеңізШевройл» ЖШС мекемелерінің қолдауымен жүзеге асуда.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, байқауға 9-18 жас аралығындағы жасөспірімдер өтініш берген. Олардың арасында алыс-аймақтардан келген балалар да бар. Қатысушылар «Хореография», «Вокал»  «Аспаптық жанр» аталымдары бойынша бақ сынасқан. Кеше осы байқаудың жеңімпаздары анықталған.

Үздіктердің арасынан топ жарғандардың қатарында исатайлық Мажитова Дана да бар. Ол өзінің осы конкурсқа үлкен дайындықпен келгенін айтады.

«Конкурсқа Естайдың «Сандуғаш» әнін таңдадық. Өлең терме бағытында айтылғанымен, мен эстрада түрінде айттым. Көп дайындықтың, ұстазымыз екеуміздің еңбегіміздің арқасында бас жүлдені иелендім. Бізге осындай мүмкіндік беріп жатқан мұнай мекемелеріне алғыс білдіреміз», –  дейді жеңімпаз.

Сондай-ақ, Данамен қатар бас жүлдені Маңғыстау облысының «Ақкеттік өрендері» аспаптар оркестрі иеленді. Енді олар 26-30 қазан аралығында Мәскеу қаласында өтетін байқауға қатысады.

«Бұл конкурстың БҚО болып жатқан себебі – мұнай компанияларының қолдауымен өткізілуде. Балалар өте талантты, жақсы дайындалған. Жалпы 150 қатысушы келіп, бақтарын сынады. Осы қатысушыларға тек сәттілік тілеймін!», – деді қазылар алқасының мүшесі, Ұлттық өнер университетінің проректоры Гүлбаршын Мұқашева.

Айта кетейік, ертең сағат 15.00- де – «Сұлтан Палас» қонақ үйінде гала-концерт өтпек. Онда байқау қатысушыларымен бірге қазақстандық эстрада жұлдыздары Тамара Асар, Балжан Бидаш бір сахнада өнер көрсетеді деп күтілуде.

Н.Әліпмұратова

Сурет: Арсен Боранов

 

Источник: http://atpress.kz/kz/8825-jas-tolqyn-bayqauynynh-dgenhimpazdary-anyqtaldy

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top